Алматыда Баум тоғайында 19 жастағы қыздың үстіне ағаш құлап, комаға түсті

Алматыда Баум тоғайында 19 жастағы қыздың үстіне ағаш құлап, жәбірленуші комаға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Оқиға 27 маусымда сағат 15:00 шамасында болған. Туыстарының айтуынша, қыз отбасымен бірге серуендеп жүрген кезде оның үстіне үлкен қураған ағаш құлаған. Олар оқиға болған сәтте қатты жел де, жаңбыр да болмағанын айтады.

"Алтыншы күн қатарынан комада жатыр. Оның бас сүйегі жаншылған, сан сүйегі, аяғы сынған және басқа да көптеген ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Мамандар қолдан келгеннің бәрін жасады, алайда ми ісіну қаупі жоғары болып тұр", - деп жазды зардап шеккен қыздың әпкесі Instagram парақшасында.

Қыздың туыстары Баум тоғайында әлі де қураған, құлайын деп тұрған ағаштар көп екенін айтып, құзырлы органдарды оларды тексеріп, кесуге шақырды.

Алматы әкімдігі бұл оқиғаға байланысты соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Әкімдік мәліметінше, тоғай аумағында ағаш құлау қаупі туралы ескертетін арнайы тақтайшалар орнатылған.

"Баум тоғайы 1877 жылы құрылған. Осыған байланысты ағаштардың 70 пайыздан астамының жасы жеткен. Табиғи биологиялық қартаю салдарынан сырт көзге сау көрінген ағаштардың өзі құлап кетуі мүмкін", - деп мәлімдеді әкімдік өкілдері.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!