Алматының Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында 31 магнит жұтып қойған сәбиге шұғыл ота жасалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, қабылдау бөліміне 1 жас 9 айлық бала өте ауыр жағдайда жеткізілген. Тексеріс нәтижесінде дәрігерлер ішектегі бөгде заттарды, яғни 31 магнитті анықтаған.
"Ота барысында магниттер ішектен алынып, жіңішке ішектегі көптеген тесік тігілді, құрсақ қуысы тазартылды", - деді басқарма өкілі.
Орталық хирургі Асқар Ризвановтың айтуынша, магниттер ағзаға бөлек-бөлек түскенімен, ішекте бір-біріне тартылып, ішек қабырғасын қысып қалған.
"Магниттердің арасында ішек қабырғасы қысылады, қан айналымы бұзылады. Соның салдарынан санаулы сағат ішінде перитонит дамуы мүмкін. Ата-аналар көбіне баланың жағдайы қаншалық тез нашарлайтынын аңғармай қалады", - деді хирург.
Мамандар ата-аналарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз