Алматыда әйелдің басы салынған пакетті базарға тастап кеткен күдіктіні қамауда ұстау мерзімі ұзарды

Алматыда әйелдің басын кесіп тастады деген күдіктіні қамауда ұстау мерзімі ұзарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 5 маусымдағы хабарламасы бойынша, сот қаулысымен соталды тергеу органының өтінішхаты қанағаттандырылды және И.-ға қатысты қамауда ұстау мерзімін үш айға, 15 шілдеге дейін ұзартуға санкция берілді", - делінген сот хабарламасында.

Айта кетейік, 12 сәуірде Алматыда белгісіз ер адам әйелдің басы салынған пакетті базарға тастап кеткен еді. Оқиға Станкевич көшесіндегі Алматы-1 базарында болды. Полиция мәліметінше, әйелдің денесі Шолохов көшесіндегі саябақтан табылған.

24 сәуірде полиция 1962 жылы туған ер адамды осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұстағаны белгілі болды. Күдікті жәбірленушімен бірнеше күн таныс болғаны және жанжал кезінде қылмыс жасауы мүмкін екені анықталды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда әйелдің басы салынған пакетті базарға тастап кеткен күдікті ұсталғаны хабарланған еді. Кейінірек Алматыдағы жантүршігерлік өлімге қатысты тың дерек шықты. Марқұмды білетін дүкен сатушысы әйелдің басы кесілген денесін Шолохов көшесіндегі алаңнан ит тапқанын айтты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!