Алматыда әйелдер онкогинекологқа тегін қарала алады

18 қаңтарда Алматы Онкологиялық орталығында ашық есік күні өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы Онкологиялық орталығының онкогинекология бөлімшесінің меңгерушісі Райхан Болатбекова хабарлады.

"Ашық есік күні 2025 жылғы 18 қаңтарда сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін Алматы Онкологиялық орталығында өтеді. Бұл күні әйелдер онкогинекологтардан кеңес ала алады, алдын алу мүмкіндіктері туралы біле алады және жатыр мойны патологиясын ерте анықтау үшін тексеруден өтеді", - деді Райхан Болатбекова.

Дәрігер орталыққа 18 жастан асқан кез келген әйел келе алатынын айтты.

Ұйымдастырушылар осы мүмкіндікті жатыр мойны обыры және оның алдын алу шаралары туралы хабардарлықты арттыру үшін пайдалануға шақырады. Бұл аймақтағы әйелдердің денсаулығын жақсартуға және сырқаттанушылықты азайтуға бағытталған маңызды қадам деп атап өтті Райхан Өлмесханқызы.

Қаңтар көптеген елдерде жатыр мойны обыры туралы хабардар болу апталығына арналған. Қаңтар айында осы бастама аясында онкологтар мен гинекологтар аурудың бастапқы және қайталама алдын алу шаралары, алғашқы белгілері мен емдеу тәсілдері туралы айтады.

Еске салайық, Қазақстанда жатыр мойны обыры - әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі өлімнің екінші себебі. Жатыр мойны қатерлі ісігінің белгілері қандай? Толығырақ мына жерден оқыңыз.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз