Алматыда әйел тұрғын үй кешенінің ауласында босанып қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, жедел жәрдем қызметі мен қалалық перинаталдық орталық мамандарының үйлесімді әрі кәсіби әрекетінің арқасында әйел аман-есен босанған.
"Жедел жәрдем қызметіне сағат 06:21-де шақырту түсті. Бригада оқиға орнына 06:31-де жетті. Дәрігерлер жеткен кезде әйелдің толғағы күшейіп, босану процесі басталып кеткен. Салмағы 3370 грамм болатын қыз бала жедел жәрдем бригадасының зембілінде дүниеге келді", - деп жазылған хабарламада.
Медицина қызметкерлері күрделі жағдайға қарамастан ана мен нәрестеге көмектескен. Кейін олар қалалық перинаталдық орталыққа жеткізіліп, медициналық көмек берілген.
Қазір ана мен қыз баланың жағдайы тұрақты. Екеуі де дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Желідегі мәліметке сүйенсек, оқиға Шұғыла шағынауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында болған. Сонымен қатар, желіде аулада көлік көп болуына байланысты жедел жәрдем көлігі шақырту орнына дер кезінде жете алмағаны да айтылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!