Алматының орталығындағы бес қабатты үйдің тұрғындары пәтерін қоқысқа толтырған егде жастағы көршісінен әбден мезі болған. Олар жылдар бойы жалғасып келе жатқан бұл мәселеге шешім іздеп жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Әйел бірнеше жылдан бері қоқыс жәшіктерінен түрлі заттарды жинап, үйіне тасиды. Соның салдарынан пәтер іші қоқысқа толған. Бөлмелерде лас ыдыстар, бөтелкелер мен пакеттер үйіліп жатыр. Көршілердің айтуынша, осының кесірінен үйде тарақандар көбейген. Ал ескерту жасағандарға пәтер иесі ашуланып, дөрекі жауап береді.
"Онымен келісу мүмкін емес. Сөйлескеннен кейін ертеңіне есігіміздің алдына өлген құстарды, көгершіндерді немесе қоқыс салынған қораптарды тастап кететін кездері болды. Түнде үйді желдетейін деп терезені ашсаң, жағымсыз иіс шығады. Олардың пәтерінде жарық та, су да жоқ, бәрі ажыратылған. Дәреттерін бөтелке мен пакетке жинап, кейін терезеден лақтыратын көрінеді", - дейді көршісі Татьяна Герасименко.
Пәтер иесі туралы мәлімет аз. Көршілерінің айтуынша, зейнеткердің үш баласы бар. Қыздары анасымен араласпайды, ал ересек ұлы дөрекі сөйлеседі. Тұрғындар өз қауіпсіздігі үшін алаңдаулы.
"Ұлы ұйықтап қалғанда өрт шықты. Бәрі сіріңкедей тұтанып, күлге айналды. Тіпті люстралар еріп кеткен. Адамдар далада, "Газельдерде" түнеуге мәжбүр болды. Сол кезде ұлы терезе алдында тұрды, ал әйел пәтердің ішінен оған бірнәрсе беріп жатты. Ол ішке кірген жоқ. Мен сыртқа шыққанымда, ол мені балағаттап жіберді, болғаны сол", - деді бес қабатты үйдің тұрғыны Марина Копылова.
Көршілер полицияға арыз жазып, әкімдіктен көмек сұрағанымен, нәтиже болмаған. Қалалық қызметтер иелерінің рұқсатынсыз пәтерге кіре алмайды. Заңгерлер тұрғындарға азаматтық сотқа жүгінуге кеңес береді. Сарапшылардың пікірінше, зейнеткер тыңдауға келмесе де, шешім оның қатысуынсыз шығарылуы мүмкін.
"Үй тұрғындарының құқығы бұзылып жатқанын негізге алып, ұжымдық талап арыз беру керек. Сот алдына нақты талап қою қажет: жауапкерді қоқысты өз күшімен және өз қаражаты есебінен шығаруға міндеттеу керек. Шешім заңды күшіне енгеннен кейін оның орындалуын сот орындаушысы қадағалайды", - деді адвокат Гаухар Сәлімбаева.
Журналистер араласқаннан кейін әкімдік өкілдері үйге коммуналдық қызметкерлерді жіберді. Олар пәтер терезесінің астындағы барлық қоқысты тазартты. Алайда жергілікті тұрғындар бұл уақытша ғана нәтиже екеніне сенімді. Олар қарт әйелдің қайтадан қоқыс жинай бастайтынына қауіптенеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz


