Алматыда аялдамада зейнеткерді аяусыз соққыға жыққан ер адамға сот үкімі шықты

Алматыда Қарғалы шағынауданындағы аялдамада 66 жастағы әйелді аяусыз соққыға жыққан ер адамға сот үкімі шықты. Шабуыл жасаған адам бір жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Жантүршігерлік оқиға 23 сәуірде таңертең Алматыдағы аялдамалардың бірінде болды. Бұл жайт бейнебақылау камерасына түсіп қалып, желіде тарап кетті. Кейін қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Іс материалдарына сәйкес ер адам еш себепсіз егде жастағы әйелге тап беріп, оның басы мен бетінен жұдырықпен 5-6 рет ұрған, сондай-ақ, бірнеше рет тепкен.

Салдарынан әйел көптеген жарақат алған. Сот-медициналық сараптама денсаулыққа жеңіл зиян келген деп бағалаған.

Сот үкімі

Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы 2-бөлігі "Бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бойынша кінәлі деп танып, оған бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

Сондай-ақ, сот жәбірленушінің азаматтық талап-арызын қанағаттандырды. Сотталған адамнан 534 348 теңге материалдық шығын, өкілге жұмсалған 500 мың теңге және моральдық зиян ретінде 500 мың теңге өндірілді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!