Индустрияландыру картасы аясында Алматының Медеу ауданында аяқ киім шығаратын кәсіпорын іске қосылды, деп хабарлады қалалық әкімдік Instagram-дағы өз парақшасында.
«Ағымдағы жылы Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы аясында Медеу ауданында құны 80 млн. теңгені құрайтын аяқ киім шығаратын кәсіпорын жаңғыртылып, іске қосылды. Кәсіпорын еліміздің арнайы күш-қуат құрылымдары ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, ҚР Ұлттық гвардиясы үшін және мұнай мен тау-кен өндіру саласы мамандары үшін арнайы мақсаттағы аяқ киімдерді шығарады әрі сатады», - делінген хабарламада.
Фабриканы жаңғырту оның өндірістік қуатын жылына 350 мыңнан 700 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Ондағы қазақстандық қамту үлесі 95 пайыздан асты. Кәсіпорында 230 адам жұмыс істейді, оның ішінде 30 жұмыс орны жаңа өндіріс желісін қосудың арқасында құрылды.
Instagram пайдаланушыларының көпшілігі қазақстандық аяқ киімнің бағасына қызығушылық танытқан.
Жалпы, әлеуметтік желіні пайдаланушылар жаңа өндіріс ошағына қолдау білдіріп, алдағы уақытта кәсіпорын халықтың барлық санаты үшін аяқ киімдер шығаратындығына сенім артқан.
Дереккөз: inform.kz