Алматыда ақылы автотұрақ тарифі 10 жылдан кейін алғаш рет қайта қаралады. Қалада коммуналдық автотұрақтарға жаңа тарифтер ұсынылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Коммуналдық ақылы автотұрақтардың тарифін көлік жүктемесіне қарай саралау ұсынылып отыр. Жоба қалалық мәслихат сессиясында таныстырылды.
Коммуналдық ақылы автотұрақтардағы сағатына 100 теңге деген тариф 2016 жылдан бері өзгерген жоқ. Шенеуніктердің айтуынша, осы уақыт ішінде қаладағы көлік саны 1 миллионнан асып, жол-көлік инфрақұрылымына түсетін жүктеме артқан.
Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, бірыңғай тариф қаланың орталық бөлігінде жеткіліксіз болып отыр. Салдарынан жүргізушілер бос орын іздеп, қосымша жүруге мәжбүр болады. Осы мәселені шешу үшін автотұрақ тарифін аумақтағы көлік жүктемесі мен оның ерекшелігіне қарай белгілеу ұсынылған.
Жоба бойынша көлік жүктемесі төмен учаскелерде сағатына 100 теңге деген тариф сақталады. Жүктемесі орташа аумақтарда тариф 150 теңге, ал көлік көп жүретін әрі автотұрақ орындары тапшы учаскелерде тариф 200 теңге болады.
Десе де тұрғындарға арналған жеңілдік сақталады. Ақылы автотұрақ маңында тұратын тұрғын үй иелері арнайы рұқсат рәсімдеп, үйіне жақын орналасқан автотұрақты тегін пайдалана алады.
Сонымен қатар, кейбір санаттар үшін қолданыстағы жеңілдіктер де сақталады.
"Бұл жобаны іске асыру екінші қатарға көлік қоятындарды азайтуға, бос орын іздеуге кететін уақытты қысқартуға, қала орталығындағы көлік жүктемесін төмендетуге және жол қозғалысына қатысушылардың барлығына неғұрлым қолайлы жағдай жасауға көмектеседі деп болжанып отыр", - деді басқарма өкілі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!