Алматыда автобустарға арналған жолақпен жүрген жеке автомобиль жүргізушілеріне айыппұл салына бастады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы брифингте қалалық ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Нұрлан Алмасбеков мәлімдеді. Еске сала кетейік, Абай даңғылында автобустар мен троллейбустарға арналған арнайы жолақ пайда болған еді.
ӘПБ басшысының айтуынша, Абай даңғылында орнатылған камералар автобустарға арналған жолақпен жүрген автомобильдерді түсіріп алып отырады. Жол ережесін бұзған жүргізушілер 5 пен 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Сонымен қатар, Абай даңғылымен жүретін автобустар мен троллейбустарға қоғамдық көліктің қозғалысына кедергі келтірген автомобильдерді анықтау үшін арнайы видеорегистраторлар орнатылады. Алмасбековтың айтуынша, кей жағдайларда, яғни оңға бұрылатындар мен таксилерге жолаушы алу үшін арнайы жолақпен жүруге рұқсат етілген.
Айта кетейік, арнайы жолақтан шығып кеткен автобус жүргізушілеріне де айыппұл салу қарастырылған. Оларға тек солға бұрылу кезінде және кері айналатын кезде ғана жолақтан шығуға рұқсат етілген. Алмасбековтың айтуынша, мұндай жағдайлардың әрқайсысы жеке қарастырылатын болады.
Бұған дейін Қазақстан велосипедшілері арнайы жолақпен жүруге рұқсат сұраған болатын. ІІМ өз кезегінде мұндай өтінішті қарауға дайын екенін хабарлады. ӘПКБ басшысы Қанат Сәдуақасовтың айтуынша, велосипедшілердің арнайы жолақпен жүруіне жыл соңына дейін рұқсат беріліп қалуы мүмкін.