Алматыда автобустар түсі өзгеруі мүмкін: әкімдік не дейді?

Алматыда автобустар түсі өзгеруі мүмкін: әкімдік не дейді?
Фото: Tengrinews.kz / Светлана Антонова

Алматыда қалалық автобустардың бірыңғай түсін өзгерту мәселесі қарастырылып жатыр. Қоғамдық көліктің үйреншікті жасыл түсін қызылға ауыстыру ұсынылған, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Алматы қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, бұған дейін қала автобустары үшін бірыңғай жасыл түс бекітілген. Қазір қоғамдық көліктің сыртқы келбетін жаңартып, тартымдылығын арттыру мақсатында жаңа дизайн енгізу мүмкіндігі талқыланып жатыр.

Ұсынылған нұсқалардың бірі – қызыл түс.

Tengrinews.kz / Светлана Антонова

"Қызыл түс энергияны, дамуды және алға жылжуды білдіреді. Ол қала ағынында жақсы көрінеді, бұл қоғамдық көліктің танымалдылығын арттырады және жол қозғалысы қауіпсіздігіне септігін тигізеді", – деп түсіндірді басқарма өкілдері.

Жасыл автобустар қайта боялмайды

Басқарма қазір қала көшелерінде қатынап жүрген жасыл автобустарды қызыл түске қайта бояу жоспарланбағанын мәлімдеді.

Егер жаңа түс стандарты бекітілсе, оның нақты қалай енгізілетіні әзірге белгісіз. Сондай-ақ автобус парктерін жаңартуға қанша қаражат қажет болатыны да айтылмады.

Алматыда 60 қызыл автобус қатынап жүр

Tengrinews.kz / Светлана Антонова

Қызыл түсті алғашқы автобустар Алматы көшелеріне 2026 жылдың маусымында шыққан. Бастапқыда 40-қа жуық көлік №87, №134 және №140 бағыттарда сынақтан өткізілді.

Қазір тестілеуге тағы екі бағыт – №51 және №247 қосылды. Осылайша, қызыл автобустар бес бағыт бойынша жолаушылар тасымалдап жүр.

Қалада барлығы 60 қызыл автобус бар.

Дегенмен қоғамдық көліктің бірыңғай түс стандартын өзгерту туралы түпкілікті шешім әлі қабылданбаған. Басқарма сынақтың қанша уақытқа жалғасатынын және соңғы шешімнің қашан шығатынын нақтыламады.

Автобустар неге жасыл түске боялған еді?


Алматы қаласы әкімдігі

Алматы автобустарының бірыңғай жасыл түсі Бауыржан Байбек қала әкімі болған кезеңде енгізілген. Оған дейін жаңа автобустардың бір бөлігі, соның ішінде муниципалдық Yutong көліктері көк түсті болған.

2017 жылы сол кездегі қала әкімі Бауыржан Байбек жасыл түстің Алматының экологиялық тұжырымдамасымен байланысты таңдалғанын айтқан.

Бұл идея "Алматы қаласының тұрақты көлігі" жобасын әзірлеу кезінде пайда болған. "Жасыл қала" тұжырымдамасы арқылы қоғамдық көлік саласындағы өзгерістердің экологиялық бағытын көрсету көзделген.

Massaget.kz
Logotype Massaget