Алматыда колледжде бомба бар деп хабарлаған 1-курс студенттері ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматыдағы колледждің бірінде бомба бары туралы хабар 13 қарашада сағат 10.35-те түскен.
Қаланың шұғыл және жедел қызметтері ғимаратқа және оған іргелес аумаққа дереу комиссиялық тексеру жүргізді, нәтижесінде жарылғыш құрылғылар, жарылғыш заттар, оқ-дәрілер мен жедел қызығушылық тудыратын заттар табылмады.
Бұл қылмысты жасады деген күдікпен колледждің 1-курс студенттері (2007, 2008 жылы туған) ұсталды. Олардың әрекеті Қылмыстық кодекстің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша сараланды. Заттай дәлелдер тәркіленді, ол бойынша сараптамалар тағайындалды.
Соталды тергеуді Бостандық ауданы полиция басқармасы жүргізіп жатыр. Алматы қаласының полицейлері жалған хабарлама таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
273-бапқа сәйкес қылмыс жасағандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!