Алматыда екі күнде 2 мыңнан аса көлік айыппұл тұрағына қойылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қалада жол апатының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру мақсатында өткізілген "Стоп бұзушылық" операциясының аралық қорытындысы жарияланды.
Іс-шараның алғашқы екі күнінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 4 828 дерегін анықтаған. Рейд барысында қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретін өрескел құқықбұзушылықтарға ерекше назар аударылған.
Көлік басқару құқығы жоқ азаматтар көлік жүргізген 44 дерек, сондай-ақ, бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған адамдар қайта көлік тізгіндеген 8 дерек тіркелді. Сонымен қатар, жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдалану бойынша 8 дерек және қарсы қозғалыс жолағына шығудың 15 дерегі анықталып, олардың жолы кесілген.
Мамандардың айтуынша, мұндай құқықбұзушылықтар ауыр жол апатына жиі себеп болады. Жүргізілген шаралар нәтижесінде 2 мыңнан аса көлік, соның ішінде шетелдік тіркеудегі көліктер арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
"Қала полициясы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Өңірлерден қосымша күштер тартылып, қаладағы негізгі магистральдарда бекеттер ұйымдастырылды", - деді Алматы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Абдинұр Тасыбаев.
Еске салайық, бұған дейін іс-шараға Астана қаласынан, Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облыстарынан келген қосымша күштер тартылғаны хабарланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова