Алматы мәслихаты қалада ауаның ластану деңгейін біртіндеп азайтуға және экологиялық талаптарды реттеуге мүмкіндік беретін жаңа ережені бекітті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Құжат Экологиялық кодекске сәйкес әзірленген. Ол көлікке, кәсіпорындар мен шағын өндірістерге қойылатын экологиялық талаптарды, Алматыдағы ауа сапасын бақылау және деректерді есепке алу жүйесін бір арнаға тоғыстырады.
Былтыр Алматы агломерациясы бойынша ауаға таралған зиян заттардың жалпы көлемі жылына 225 мың тоннаға жеткен, оның ішінде 189 мың тоннасы Алматының үлесінде.
Ережеге сәйкес қалада ауа ластануының негізгі көздері:
"Көліктер жылына шамамен 112,7 мың тонна зиян зат шығарады. Оның ішінде 84%-ға дейінгі бөлігі Еуро-0 экологиялық класына жататын ескі көліктердің үлесінде. Жаңа ереже бойынша қозғалтқышты қосып қоюды шектеу, шығарындыларды тазарту жүйесін пайдалану және тұрақты техникалық бақылау сынды коммуналдық және жеке автопарктерге міндетті талаптар енгізіледі. Автопарктерді жаңарту алдымен Еуро-5 стандартына, кейін газ және электр көлігіне көшу арқылы кезең-кезеңімен жүргізіледі", - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, көмір мен отын пайдаланатын жабдықтардан біртіндеп бас тартып, газға көшу жоспарланған.
Қаланың кейбір аудандарында зиян заттар көлемі төмен аймақтарды (LEZ) кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Мұндай аймақтарда газ жүргізілген жерде көмір мен басқа да отын түрлерін жағуға, қоқыс өртеуге, пиротехниканы пайдалануға тыйым салынады.
Ауа сапасын бақылау үшін экологиялық мониторинг те көзделген. Сонымен қатар, бірыңғай цифрлық жүйе құру жоспарланып отыр. Тұрғындар нақты ахуал туралы ақпарат алып, түйткілді мәселелер туралы хабарлай алады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!