Алматыда астыртын дәрі-дәрмек желісі әшкереленді: заңсыз іске шенеуніктердің қатысы бар

Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда көршілес мемлекеттерден дәрі, соның ішінде күшті әсер ететін медикаменттерді контрабандалық жолмен әкеліп, кейін оларды еліміздің дәріханалар желісі арқылы өткізумен айналысқан төрт фармацевтикалық компанияның заңсыз қызметін тоқтатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу барысында күдіктілер дәрілерді, соның ішінде құрамында психотроп заттары бар препараттарды қолдан жасап, заңсыз өндіргені анықталған. Бірнеше қойма мен жасырын өндірістік цех табылған.

Өнімдер антисанитария жағдайында дайындалғандықтан, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.

"Жедел іс-шаралар аясында заңсыз қызметті ұйымдастырушыларға ақшалай сыйақы үшін қолдау көрсеткен лауазымды тұлғалар ұсталды. Олардың әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы бойынша сараланды. Тауар айналымы мен қаржыға жүргізілген талдау көлеңкелі схема, контрабанда болғанын растады. Алдын ала мәлімет бойынша былтыр мемлекетке 800 миллион теңгеден аса салық пен өзге де міндетті төлемдер төленбеген. Бірлескен арнайы операция барысында заңсыз айналымнан ірі көлемдегі ақша, ондаған мың қаптама жалған дәрі, соның ішінде айналымы шектелген дәрілер, сондай-ақ, оларды өндіруге арналған жабдықтар мен шикізат тәркіленді. Қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар мен олардың сыбайластары уақытша ұстау изоляторына қамалды. Соталды тергеп-тексеру жалғасып жатыр", - деді ІІМ өкілі.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!