Алматыда аса ірі көлемдегі есірткі контрабандасы бойынша соталды тергеп-тексеру аяқталды

Алматының арнайы прокурорлары аса ірі көлемдегі есірткі контрабандасы бойынша соталды тергеп-тексеруді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу барысында жазасын пенитенциарлық мекемеде өтеп жатқан сотталған адам Америка Құрама Штаттарынан Алматыға есірткі - марихуана мен каннабис сығындысы салынған сәлемдемелерді жеткізу арнасын ұйымдастырғаны анықталды.

"Қылмыстық әрекетке ұйымдастырушылар, кураторлар, қамқоршылар, дропперлер, жасырын белгілеушілер және өлшеп ораушылар тартылған. Жедел іс-шаралар нәтижесінде "Жетісу" кеден бекетінде салмағы 43 келі болатын марихуана мен каннабис сығындысы салынған 25 сәлемдеме тәркіленді. Олар іс бойынша заттай дәлелдер деп танылды", - деп жазылған хабарламада.

20 күдікті, соның ішінде ұлттық қауіпсіздік органының 2 қызметкері және қылмыстық топтың қызметіне қамқорлық көрсеткен ҚР ІІМ ҚАЖК-нің 3 қызметкері ұсталған.

"Іс бойынша айыпталушыларға есірткі заттарын контрабандалағаны және сатқаны үшін, сондай-ақ, лауазымдық қылмыстар бойынша айып тағылды. Сот санкциясымен 5 пәтерге, 3 құрылысқа, 10 жер учаскесіне және 44 көлікке тыйым салынды", - деп жазылған хабарламада.

Қылмыстық іс Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз