- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Робот операция жасады
Алматыда алғаш рет роботтың көмегімен буын ауыстыру отасы жасалды
Алматылық хирургтер алғаш рет толық автоматтандырылған роботтың көмегімен буын ауыстыру операциясын жасады. Технология отаны дұрыс жоспарлау, науқас анатомиясын талдау және модельдеумен қатар, сүйекті кесуді өзі жүргізеді. Мамандар сондықтан да асқыну қатері аз дейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Аlmaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Алматылық 70 жастағы Николай Шрамковтың буын ауруымен күресіп келе жатқанына 10 жылдан асқан. Жыл басында жамбас буынына ота жасатқан ол бұл жолы роботтандырылған жүйеге сенім артуға бел буған. Себебі операция орнында із қалмай, бұлшықеттер мен сіңірге ауырлық түспейтіні қызықтырды дейді.
"Буын ауыстыру қажеттігі туындады. Ойлана келе дәрігерлердің қолы дірілдегенімен, роботтың қолы дірілдемейді ғой деп шештім. Ғаламтордан да робот жасаған операцияға байланысты көп жақсы пікірлер оқыдым. Сондықтан ота жаңа технологиялар арқылы жасалғанын қаладым", - деді науқас Николай Шрамков.
Былтыр мегаполисте роботтың көмегімен 9 науқастың тізе, жамбас буындары ауыстырылған. Ал биыл Үндістаннан келген мамандармен бірлесіп өткізілетін ота кезінде толықтай автоматтандырылған инновациялық робот қолданылып жатыр. Барлық процесті өзі жүргізетін отадан соң науқас көп қан жоғалтпайды. Әрі әлдеқайда тезірек қалпына келеді дейді мамандар.
"Біздің ауруханамызда тізе және жамбас буынын ауыстыру бойынша жылына 2000-нан аса ота жасалады. Әлемдік статистикада кездесетін нәрсе - асқыну, екінші рет операция жасау. Роботпен операция жасау асқынуларды және екінші рет операция жасау қаупін төмендетеді", - деді №4 қалалық клиникалық аурухана директорының орынбасары Елдес Сүгір.
"Роботтың ерекшелігі - бізге жоспарлағандай дәлдікпен, 1 мм дәлдікпен протезімізді дұрыс қойып шығуға көмектеседі. Ол жағынан қорқудың қажеті жоқ. Тек хирург пен роботтың арасында сенім болуы керек", - деді №4 қалалық клиникалық ауруханасы ортохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мейрамбек Жұмағұлов.
Аталған технология АҚШ, Жапония, Корея мен Қытайда кеңінен танымал.
Айта кетейік, Алматыда бүгінде 5 мың адам буын ауыстыру кезегінде тұр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина