Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары жалғасуда

Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары жалғасуда
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыру аясында «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ отандық өндірушілермен және қаланың ірі сауда желілерімен келісімшарт жасасты. Бұл келісімшарт азық-түлік бағасының өсуін тежеуге бағытталған, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігі.

🥚 Жұмыртқа

«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» құс фабрикасымен 2027 жылдың қазан айына дейін бірінші санаттағы 86,4 млн дана жұмыртқаны өндіру және өткізу бойынша шарт жасады. Бір жұмыртқаның дүкен сөресіндегі бағасы 59 теңгеден жоғары болмауға тиіс. Өнім қаланың ірі сауда желілерінде, сондай-ақ өндірушінің фирмалық дүкендерінде сатылады.

🍗 Құс еті

Әкімдік хабарлағандай, құс етінің бағасын тұрақтандыру мақсатында корпорация отандық өндірушілермен де келісімшарт жасасты. Фирмалық дүкендерде тауық сирағының бір келісі 1 650 теңгеден сатылуда.

Ал екінші өндірушімен тауықтың сан еті мен жамбас етінің көтерме бағасы келісіне 1 300 теңгеден жеткізіледі. Ірі сауда желісінде бұл өнімдер сауда үстемесі 15%-дан аспай, келісіне 1 495 теңгеден сатылып жатыр.

Бағаны тұрақтандыру шаралары бірінші өндірушінің өнімдері үшін 2027 жылы қарашаға дейін, ал екіншісінің өнімдері үшін 2027 жылы шілденің ортасына дейін жалғасады.

🍞 Нан

Нан-тоқаш комбинатымен бірінші сұрыпты ұннан дайындалған 3 846 154 дана бөлке нанды жеткізу және өткізу туралы келісім жасалды. Өнім ірі сауда желілерінде және үй маңындағы дүкендерде сатылады.

🥕 Көкөніс

Алматы қаласы әкімдігі ақпараты бойынша, корпорация ірі сауда желісімен бірлесіп, жалпы көлемі 9 920 тонна көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру тетігін жүзеге асырып жатыр. Оның ішінде картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат бар. Көкөністер белгіленген бағамен сатылады. Бұл шаралар 2027 жылғы сәуірдің соңына дейін жалғасады.

🛒 Басқа да әлеуметтік маңызы бар тауарлар

Әкімдік мәлім еткендей, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» мен сауда желісі арасында әлеуметтік маңызы бар 11 түрлі азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыру жөнінде жалпы көлемі 517 тонна өнімге қарыз шарты жасалған. Олардың қатарында қарақұмық жармасы, күріш, макарон өнімдері, күнбағыс майы, айран, сары май, сүт, тауық еті, сиыр еті, ұн және тұз бар. Бағаны тұрақтандыру шаралары 2027 жылы маусымға дейін жалғасады.

🥄 Қант

Корпорация отандық өндірушілерден 4 500 тонна қант сатып алды. Өнім ірі сауда желілерінде келісі 405 теңгеден сатылады. Сауда үстемесінің мөлшері 10%-дан жоғары болмауға тиіс. Қант бағасын тұрақтандыру шаралары 2027 жылғы қарашаға дейін жалғасады.

🚜 Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері

Бағаны тұрақтандыру мақсатында корпорация әр демалыс сайын қаланың алты ауданында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізеді:

  • Бостандық ауданы – Қазақфильм шағынауданы;
  • Әуезов ауданы – Рысқұлбеков көшесі, 33/2;
  • Медеу ауданы – Меңдіқұлов пен Бектұров көшелерінің қиылысы;
  • Алмалы ауданы – Масанчи көшесі, Әйтеке би мен Гоголь көшелерінің аралығы;
  • Жетісу ауданы – Құлагер шағынауданы;
  • Түрксіб ауданы – Рысқұлов пен Айтықов көшелерінің қиылысы.
Жәрмеңкелерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан төмен бағамен сатылады.

Бағаны тұрақтандыру шаралары, өнімдердің бекітілген бағасы мен оларды сататын орындардың мекенжайлары туралы толық ақпаратты almatyazyk.kz ресми сайтынан алуға болады.

Алматы қаласы әкімдігі ұсынған материал

Massaget.kz
Logotype Massaget