Көптен күткен The Spirit of Tengri фестивалі Алматыда ашық аспан астында маусымның 10-11-і аралығында өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген музыканттар Алматыдағы Абай алаңында өнер көрсетті.
Кештің шымылдығын Тұран тобы ашты. Олар қобыз, жетіген, домбыра, шаңқобыз, шертермен кештің шырайын келтірді.
"Тұран ансамблі гастрольдік сапарда көп жүреді, біз 70 елде 1500-ден астам концерт бердік. Дегенмен бүгін біз The Spirit of Tengri-де алғаш рет өнер көрсеттік. Біз үшін бұл үлкен оқиға, біз оған барымызды салдық!", - дейді топтың музыканты Серік Нұрмолдаев.
ABBOS тобы © tengrinews.kz
Өзбекстаннан келген – ABBOS тобы өзбек халқының сүйікті аспабы – дойрамен фестивальге келген тыңдармандардың ықыласына бөленді.
"Біз бұл фестивальде жетінші немесе сегізінші рет өнер көрсетіп отырмыз. Бүгін мерейтойлық концертке 10 жыл болды. Біз Қазақстан халқына, алматылықтарға ризамыз. Алдағы уақытта Spirit of Tengri-дің 50 жылдығында да өнер көрсетеміз деп сенеміз", - дейді ABBOS тобының жетекшісі Равшан Юнусов.
Шамшаддин Омаров, "Алдаспан" тобының солисі © tengrinews.kz
Ал "Алдаспан" тобының музыканттары сахнаға көтеріле бастағанда-ақ көрермендер қолдарын көтеріп, өздерінің сүйікті қазақ этно-рок тобын жалынды айғаймен қарсы алды. Ұжым осыдан 10 жыл бұрын электрлі домбырамен көрермен жүрегін бірден жаулап алған болатын. Қазақтың ерекше аспабын әлемде алғаш рет осы топ танытқан.
"Біз фестивальдің қайта оралуын көптен күттік. Көрермендерге қолдаулары үшін алғыс айтамыз. Осы фестивальге тыңғылықты дайындалдық. Екі жаңа ән жаздырдық. Көрерменге ұнаған сияқты. Жылы қарсы алды. Келесі фестивальде одан да жақсы өнер көрсетеміз!" – дейді солист Шамшаддин Омаров.
Фестивальдің 10 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев құттықтады. Оның атынан сахна төрінен келген құттықтау хатты орынбасары Әсем Нүсіпова оқып берді.
Зәуре Қазыбаева. © tengrinews.kz
Alash Media Group холдингінің бас директоры Зәуре Қазыбаева фествальдің қайта оралуын асыға күткен көрермендер мен жанкүйерлер барын айтады.
"Фестиваль қайта оралды және тағы кездескенімізге қуаныштымыз. Фестиваль құндылықтары – музыкаға деген сүйіспеншілік, ұлтқа деген сүйіспеншілік, этникалық кодқа, Тәңір кодексіне деген сүйіспеншілік. Бұл код біздің музыкамызды тыңдайтын әрбір адамның жан дүниесінде жаңғырады деп ойлаймын", - дейді Зәуре Қазыбаева.
Керекес тобы (Венгрия) © tengrinews.kz
Венгриядан келген Kerekes Band тобының жетекшісі Жомбор Фехер "Сіздерман бауырмыз" деп айқайлағанда, жиналғандар қол соғып, ризашылығын білдірді.
"Таңғажайып болды! Біз үшін бұл жай ғана концерт емес. Бұл миссия. Миссия орындалды. Фестивальге дәстүрлі музыкамызды алып келдік, оны қазақ жұртшылығына ұсындық. Біз, мадиярлар, сіздерге жету үшін ұзақ жол жүріп келдік. Менің қазіргі сезімім Нил Армстронг айтқандай, "бұл мен үшін кішкентай қадам, бірақ бүкіл адамзат үшін үлкен секіріс". Бәрі үшін рақмет фестиваль! – деді Жомбор Фехер.
© tengrinews.kz
The Spirit of Tengri фестивалі Батыр Қазыбаевқа арналды. Ол осы жобаға келетін әр музыкантты білетін, әрқайсысын асыға күтетін. The Spirit of Tengri оның сүйікті жобасы еді.
"Мен қазір Батырдың осында екенін сеземін. Рақмет айтқым келеді, Батыр, қазір қай жерде болсаңыз да, сіз бізбен біргесіз. Әрқашан музыкамен біргесіз. Сізге көп рақмет. Мен осындамын, өйткені сіз барсыз, – деді Чилдо Томас көз жасына ерік беріп.
Тhe Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестиваліне биыл 10 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол Қазақстандағы ең танымал және адамдар асыға күтетін мәдени оқиғалардың біріне айналды. Сонымен қатар өзінің өзгермейтін құндылықтарын қалыптастырды.
© tengrinews.kz
Осы уақытқа дейін фестиваль Еуразия және бүкіл әлем халықтарының бай мәдени және музыкалық мұрасын ұсынатын әлемнің 90 елінен жүздеген танымал әртістердің басын қосты.
© tengrinews.kz
Биыл этно-фестивальге елімізден және әлемнен 15 топ қатысты. Атап айтар болсақ: HasSak, Turan, Aldaspan, Abbos, Gulzada, Childo Tomas, Kerekes, Raghu Dixit, Rastak, Mgzavrebi, Fanfara Station, The fra, Mr Zarko, Dj edige, Dj puza.
Айта кетейік, бірнеше жыл бойы фестиваль құндылықтарын Алматы қаласының әкімдігі қолдап келеді. Оның бас серіктестері – Magnum Cash & Carry және – Kaspi.kz. Қонақтарды Novotel City Center Almaty қарсы алды.