Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатынан кейін тексеріс күшейді

Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатынан кейін тексеріс күшейді
Фото: Видео кадры

Алматыда жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректері, соның ішінде түнгі жарыстар көбейгені анықталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы Полиция департаменті мәліметінше, жолдағы жағдайды тұрақтандыру және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында саптық бөлімшелер рейд жүргізіп жатыр.

Кейінгі үш тәулік ішінде қалада жол қозғалысы ережесін бұзудың 5 мыңнан аса дерегі анықталған. Мас күйде көлік басқарған 43 жүргізуші ұсталып, барлығы көлік жүргізу құқығынан айырылған. Сонымен қатар, 369 азамат көлікті тиісті құжаттарсыз тізгіндегені белгілі болды. 94 көлік арнайы айып тұрағына қойылды.

Полиция қызметкерлері түнгі жарыстарды анықтап, олардың жолын кескен. Бұдан бөлек, жылдамдықты шамадан тыс арттырудың 2 мыңнан аса дерегі тіркелген.

Ведомство мәліметінше, кейбір жүргізушілер өз әрекетін әдейі видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялайды. Алайда полиция мұндай адамдар анықталып, заң аясында жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болып, үш адам көз жұмды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget