Алматыда әл-Фараби даңғылында қозғалыс сызбасы өзгерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала әкімдігі мәліметінше, әл-Фараби даңғылының Esentai Mall сауда ойын-сауық орталығы маңындағы бөлігінде жол қозғалысын ұйымдастыру сызбасы өзгерген.
"Бұл шара көлік қозғалысын реттеп, жол қауіпсіздігін арттыру және жүргізушілердің жолақтарды ретсіз ауыстыруына жол бермеу мақсатында қолға алынды", - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін сауда орталығынан шыққан жүргізушілер бірден көршілес жолақтарға ауыса алатын. Соның салдарынан бірнеше көлік қатар маневр жасап, сол жақ шеткі жолаққа ұмтылатын. Бұл жолдағы қозғалыс баяулауына және көліктер біркелкі жүрмеуіне себеп болған.
Енді солтүстік бағытта Үшкемпіров көшесінен Есентай өзеніне дейінгі аралықта қозғалыс сызбасы реттелген. Сауда орталығынан шыққан көліктердің бірден жолақ ауыстыруына шектеу қойылып, бұл бөлікте тұтас жолақ сызықтары сызылған.
Жаңа тәртіп бірнеше көлік бір уақытта маневр жасауын азайтып, көлік санын жолақтарға біркелкі бөлуге және осы учаскедегі қозғалысты жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз