Алматыда әл-Фараби даңғылында қауіпті маневр жасаған екі жүргізуші 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода Toyota Camry және Geely Coolray көліктерінің жүргізушілері жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзғаны байқалған.
Полиция қызметкерлері 21 жастағы екі жүргізушіні анықтады.
"Оларға 32 және 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, олардың әрекеті ұсақ бұзақылық ретінде сараланып, сот шешімімен әрқайсы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Екі көлік арнайы айып тұрағына қойылды", - деді ПД өкілі.
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз