- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда ақын-суретші Әуелбек...
Алматыда ақын-суретші Әуелбек Ысқақовтың жеке сурет көрмесі қойылды
Кеше Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада Қазақстанның әр өңірінен келген белгілі ақындардың өлеңдер топтамасы жинағының тұсаукесері өтті. Шара аясында ақын-суретші Әуелбек Ысқақовтың "Үмбетәлі жырларындағы табиғат бояулары" атты жеке сурет көрмесі қойылды. Аталған көрмені алматылықтар мен қала қонақтары екі апта бойы тамашалай алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2023 жылғы 9 тамызда ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында қаламгер Баян Болатханованың құрастыруымен жарық көрген «Махаббат жырлары» атты жыр жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараны ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Болат Үсенбаев жүргізіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» «әдеби сыйлығының иегері, ақын, жазушы Сәуле Досжан құттықтау сөз сөйледі.
⠀
Шарада аталмыш жинаққа өлеңдері енген белгілі ақындар Жәния Ералиева, Айсұлу Рүстемова, Айжан Имантаева, Бақытгүл Мадиярова, Мағираш Тұрсынова, Әуелбек Искаков, Ерсайын Жапақов, Самал Зікірияқызы, Ернар Тастанұлы, Фархат Асылбаев, Алуа Асқар сөз сөйлеп, өлеңдерін оқыды.
⠀
Шара барысында жинаққа енген қос суретші әрі ақын ҚР Суретшілер одағының мүшесі Әуелбек Ысқақов пен әуесқой суретші, өнертанушы, сазгер Ерсайын Жапақтың сурет көрмесі ұйымдастырылды.
Әуелбек Ысқақовтың сурет өнеріндегі картиналары ерекше графикасымен ерекшеленеді. Портреттік суреттері де мамандар мен көрермендер тарапынан лайықты бағасын алған. Суретшінің шығармашылығы тұңғиық ойдан туындаған бөлекше картиналарымен құнды.
Еске салайық, Әуелбек Ысқақов 1959 жылдың 21 ақпанында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үмбетәлі ауылында дүниеге келген. Әкесі Мұсахан – Ұлы Отан соғысының ардагері, анасы Зейнеп – Үмбетәлінің қызы. Әуелбек әкеден ерте айырылғандықтан нағашы атасы Үмбетәлінің тәрбиесінде өскен. Ақын атасының өлеңдерімен сусындаған Әуелбек Үмбетәлінің, Сүйінбай мен Жамбылдың жырларын жастайынан жаттап өскен.
2011 жылы Үмбетәлі ауылында халық ақынына арналған әдеби-мемориалдық мұражай ашылды. Осы мекемені сол кезеңнен Әуелбек Ысқақов басқарып келеді. Ол осы жасына дейін бірнеше кітаптың авторы атанды. Атап айтсақ, "Үмбетәлі жырының жалғасымын", "Мен де бір мөлдір тамшымын", "Жорғадан қалған тұяқ едім", "Әке жайлы әңгіме" кітаптары оқырманға жол тартқан.
А. Жапатова