- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда ақылы автотұраққа...
Алматыда ақылы автотұраққа абонемент енгізілуі мүмкін
Алматыда жақын маңдағы үйлердің тұрғыны үшін ақылы тұраққа абонемент енгізу мәселесі қарастырылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес "Алматы паркинг" коммуналдық кәсіпорны жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін абонемент енгізу тетігін әзірлеп жатыр.
"Жергілікті тұрғындар басымдыққа ие болады, олар үшін тұрақ орындарын қайта ұйымдастыру, әсіресе, Алматы орталығының резиденттеріне таптырмас нәрсе. Жергілікті тұрғындар арнайы рұқсат алады. Автокөлікті автотұрақ аймағында (үйдің айналасындағы бірнеше блок) абонемент бойынша қоюға болады. Абонемент сатып алған автокөлік жүргізушісі тұраққа сағаттық төлем төлемейді", - деді "Алматы паркинг" басшысы Владимир Ни.
Оның айтуынша, жеңілдік берілетін адамдар үшін арнайы режим қарастырылады. Яғни ҰОС қатысушылары мен мүгедектері, басқа мемлекет аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, I және II топтағы мүгедектер, Семей ядролық полигонындағы сынақтар салдарынан зардап шеккен мүгедек баланың заңды өкілдері, көпбалалы аналар, сондай-ақ, қызметтік міндетін атқарып жүрген мемлекеттік автокөлік жүргізушілері.
"Олар тегін тұраққа рұқсат алады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, мотоциклдер мен электромобильдердің иелері үшін 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған", - деді Владимир Ни.
Алдын ала жоспар бойынша абонемент 3, 6 немесе 12 айға арналады. Бұл жоба биыл тамыз-қыркүйек айында енгізіледі деп болжанып отыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова