- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көпір құлағалы тұр
Алматыда ақсақалдар құлағалы тұрған көпірді амалсыз өздері жөндеді
Алматы қаласы Түрксіб ауданы Әлмерек шағынауданындағы Кіші Алматы өзені үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірі апатты жағдайда тұр. Екі аптадан бері тұрғындар осы қауіпті өткелді амалсыз пайдалануға мәжбүр. Жергілікті тұрғындар көпірді жөндеуге әкімдіктің асығар емес екенін айтып, наразылық білдірді. Тұрғындардың арызын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.
Әлмерек шағынауданындағы №196 мектептің артында орналасқан жалғыз аяқ жаяу жүргіншілер көпірі қазір апатты жағдайда тұр. Көпірдің бір бөлігі опырылып, суға құлап кетуге шақ қалған.
© Суретте: Суреттен жол деңгейінен көпірдің төменге қарай ауытқығанын байқауға болады
© Суретте: Кіші Алматы өзенінің үстіндегі көпірдің жағдайы, баспалдақты тұрғындардың өздері жасаған
Тұрғындар әкімдікке бірнеше мәрте шағымданып, мәселені шешуге уәде алғанымен, екі аптадан бері ешқандай әрекет жасалмағанын айтады.
Көпірдің қауіптілігінен әсіресе зейнеткерлер мен балалар зардап шегіп отыр. Тұрғындардың күтуге шамасы келмей, өз беттерінше бетон құйып, опырылған жерді құрылыс материалдарымен бекітіп қойған. Десе де, бұл уақытша шешім көпірден өтетіндерге сенімділік бермей отыр.
© Суретте: Тұрғындардың көпір жөндеп жатқан сәті \ тұрғындар архиві
Шағынаудан тұрғыны Бақытжан мырза көпірдің таңғы уақытта өте қауіпті екенін жеткізді.
"Мен бұл көпірден күнде өтемін. Жұмысқа барамын, немерелерімді балабақшаға апарамын. Басқа жол бұл жерден әлдеқайда алыс. Ең жақыны осы көпір. Екі жыл бұрын жаңартылған еді, бірақ су шайып кеткен болуы керек. Қазір көпір қатты қисайып, тайғақ болып тұр. Балалар ойнап, секіріп өтеді, бірақ қатты қорқамыз. Екі күн бұрын зейнет жасындағы аудан адамдары қолдарынан келгенше көпірді жөндеуге тырысты. Десе де ол ұзаққа шыдамайтыны анық. Әкімдігіміз бұған дейін шағымдарымызды уақытылы шешетін еді, бірақ бұл жолы кешігіп жатыр", - дейді ол.
Түрксіб ауданы әкімдігі бұл мәселеге қатысты түсініктеме беріп, кешкі уақытқа дейін көпірді қалпына келтіруге уәде етті.
Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімінің аппараты шағымда көрсетілген ескертуді сол күні кешке мердігер ұйымның күшімен жойғанын хабарлады.
Н. Ынтымақұлы