- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда ағаштар қурап...
Алматыда ағаштар қурап жатыр
Алматы көшелерінде егілген ағаштар күзге жетпей қурап жатыр. Өткен жылы қаланың орталық көшелерінде отырғызылған көшеттердің күтімі нашар болғандықтан, қурап қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін Экология министрі Ерлан Нысанбаев қала әкімдіктерін бейберекет бюджет қаржысын жұмсағандары үшін сөгіп еді. Министр сөзінше елді мекендерді көгалдандыруға қатысты орын алып отырған жайттар ақтап алуға еш келмейді. Оның үстіне ғылым саласының мамандары бұл іске мүлде қосылмай келеді. Көшелерге климатқа, жер ерекшелігіне сай емес көшеттер егілгені бір бөлек, жергілікті атқарушы органдар олардың күтіміне де дұрыс көңіл бөлмеген.
Міне сондай жайттардың анық көрінісін Алматыдағы Төле би көшесінен көре аламыз.
Көшеттердің топырағы қопсытылмаған, тіпті су құюға арналған жақтаулары да тегістеліп кеткен.
Мәселеге қатысты әкімдік те өз тарапынан жауап қатты
"Аталмыш аумақта жұмысты "Farza Corp" ЖШС 2023 жылы жасаған. Компаниямен мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің негізінде шарт жасалды. Бүгінде Төле би көшесіндегі қураған көшеттердің нақты саны анықталуда. Мердігер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көшеттерді күзде өз қаражатына қалпына келтіреді. Көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарына ақы төленбеген" , - дейді қала әкімдігі.
Онымен қоса Алматы қаласының жасыл желектерін қорғау қағидаларына сәйкес, іргелес аумақта орналасқан көшеттерге, осы аумаққа жауапты заңды немесе жеке тұлға кесірінен залал келсе, оның өтемін кінәлі тарап 10 есе өтейді. Және 1 ай уақыт ішінде уәкілетті органға қызметті атқарғаны жайлы жазбаша хабарлайды делінген хабарламада.
Қорытындылай келе, мәселеге "бір тал кессең он тал ек" деген аталы сөз тоқтам болды. Бұл жағдай енді өзге мердігерлерге сабақ болар деген ниеттеміз.
Бұған дейін Алматыдағы құрғаған субұрқақтар жайын қозғағанбыз.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Н. Ынтымақұлы