Алматыда АЭС бойынша референдум қалай өтіп жатыр?

Алматыда барлық 624 сайлау учаскесі ашылып, референдумда дауыс берген алғашқы сайлаушыларға тәтті сыйлықтар берілді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар колледжінде орналасқан №84 сайлау учаскесі таңғы 07:00-де есігін айқара ашты. Учаскеде сайлау бюллетеньдерін беру орны, құпия дауыс беруге арналған кабиналар және стационарлық мөлдір жәшік орнатылған.

Сайлау учаскесі ашылғанға дейін-ақ азаматтық парызын өтеуге келгендердің қарасы көп болды. Қалыптасқан дәстүр бойынша учаскеде алғашқы сайлаушыларға символикалық сыйлықтар берілді.

"Бүгін алғашқы болып дауыс бергендерге тәтті сыйлықтар берілді. Сондай-ақ алғаш рет референдумға келгендерді де марапаттадық. Жалпы, атмосфера салтанатты, сайлау үдерісінің ыңғайлылығы үшін барлық жағдай жасалған" – деді №84 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Ғалымжан Әшірбаев.

 

Оның айтуынша, бұл учаскеде 1469 адам тіркелген, оның ішінде 217 адам алғаш рет дауыс берсе, алматылық Қазыбек Әліханов үшін референдум күні туған күнімен сәйкес келді. Сондай-ақ учаскеде 279 зейнеткер және ерекше қажеттілігі бар 9 адам тіркелген, оларға арнайы кабиналар қарастырылған. Есту қабілеті нашар тұрғындар құлаққаппен жабдықталған компьютерді пайдалана алады. Көру қабілеті нашар адамдар үшін Брайль қарпімен жазылған арнайы бюллетеньдер, қосымша жарық және лупалар бар. Сонымен қатар онлайн режимде сурдоаудармашылар кезекпен жұмыс істейді.

"Менің ойымша, референдумға қатысу – әрбір азаматтың борышы. АЭС салу мәселесі өте маңызды. Интернеттен жаңалықтар мен пікірлерді оқу бір бөлек, ал таңдау жасап, өз дауысыңды беру мүлде басқа", – деді алматылық Максим Горбачев.

Ең белсенді қала тұрғындары таңдауын жасап үлгерді.

"Мемлекеттің дамуына үлес қосуға бізде бірегей мүмкіндік бар. Оны пайдалануымыз керек!", – деді сайлаушы Данияр Ысқақов.

Алматы әкімі Ерболат Досаев жұбайымен бірге таңертең №388 мектеп-лицейінде орналасқан сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Қаладағы сайлау учаскелері сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

Алматыда дауыс бергендердің арасында танымал тұлғалар да бар.

 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!