Алматыда Әділетхан Молдаханға қатысты сот басталды

Алматыда әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты видео жариялаған Әділетхан Молдаханның ісі бойынша сот басталды. Оған көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әділетхан Молдахан 31 наурызда ұсталған еді. Кейін Алматы Полиция департаменті оның бұрын құқық қорғау органдарында жұмыс істегенін, бірақ теріс себептермен жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, оның 2023 жылы тонау дерегі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Қазір блогерге Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша айып тағылып отыр.

Адвокат Асылбек Әбдірайымовтың айтуынша, бұл іс бойынша мына адамдар жәбірленуші деп танылған:

  • Алматы қалалық ПД бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев (сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігіне жетекшілік еткен);
  • Алматы қалалық әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев.

Екеуінің де шені - полиция полковнигі. Ержан Ұзабаевтың мүддесін қорғайтын Асылбек Әбдірайымов Әділетхан Молдаханның жазбаларынан кейін полицейлерге қатысты қызметтік тексеріс тағайындалғанын айтты. Тексерістен соң қызметкерлер лауазымынан шеттетіліп, ІІМ резервіне ауыстырылған.

Адвокаттың айтуынша, Ержан Ұзабаевтың тарапы блогерден 11 миллион теңге өндіріп алуды көздеп отыр. 10 миллион теңге моральдық зиян үшін және бір миллион теңге өкілдік шығындар үшін.

Екінші жәбірленуші Серік Шумаевтың адвокаты Жандос Палманов та блогерге 11 миллион теңге көлемінде талап арыз берген.

1 маусымда өткен алғашқы сот отырысында Әділетхан Молдахан кінәсін толық мойындаған. Бұл туралы оның адвокаты Нұртуған Өмірзақ мәлімдеді.

Сонымен қатар, қорғаушылар прокурормен процестік келісім жасау туралы өтініш берген.

Әділетхан Молдахан туралы не белгілі?

Әділетхан Молдахан - азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерге маманданған заңгер. Instagram парақшасына миллионнан аса оқырман жазылған.

Бұған дейін заңгер әлеуметтік желіде видео жариялап, Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатына (салдарынан үш адам қаза тапқан) құқық қорғау органы қызметкерінің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.

Кейінірек Алматы Полиция департаментінің бастығы қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.

әл-Фарабидегі жол апаты

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол апаты болды. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды.

Осы оқиғадан кейін бірнеше лауазымды полицей қызметінен босатылды. әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды. Қазір сот өтіп жатыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!