Алматыда "блогер-ұстаз" ретінде танымал Нұржан Смағұлов жауапқа тартылды. Ол азаматтарды қорлайтын материалдар таратқаны үшін айыпталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қалалық Дін істері басқармасына сілтеме жасап.
Басқарма қызметкерлері Смағұловтың әлеуметтік желідегі даулы мәлімдемелерінен кейін оған қатысты әкімшілік хаттама толтырған.
"Өзін діни "ұстаз" ретінде таныстыратын Смағұлов Instagram әлеуметтік желісінде азаматтарды қорлау белгілері бар видеолар жариялаған. Атап айтқанда, ол адамдарды "сиырға" теңеген", – делінген хабарламада.
Сот шешімімен Смағұлов кінәлі деп танылып, оған 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Бұл – 108 125 теңге.
Басқарма өкілдері өзге азаматтардың сенімі мен дүниетанымына құрметпен қараудың маңызын еске салды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!