Алматыда жаппай төбелесте адам өлтірді деген күдікке іліккен жасөспірімге қатысты сот өтті. 17 жастағы жігітке пышақпен қатарласын жазым қылды деген айып тағылған. Алайда оның қылмысқа қатысы барын айғақтайтын нақты дәлел жоқ, ата-анасы баласын "жазықсыз жаза арқалай ма" деп алаңдайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Ешкімді қамаған жоқ. Бәрін жібере салды да, менің баламды қамап тастады. Осы уақытқа дейін бәрі қамалғанда, бәрінің анық-қанығы, кім өлтіргені, сол жерде шығатын еді, ақ-қарасы. Олардың бәрі - куәгер. Тек куәгер боп жүр. Менің балам соларды ертіп алып, сол жанжалға барып, менің балам тығып, әңгіме сондай сияқты болып тұр. Әділеттік жоқ болып тұр. Соттың болып жатқанына да, мына жерде созып жатыр. Істің сотта жатқанына бақандай бес ай болды", - Әнуарбек Иманбеков.
Бір жасөспірім өлген атышулы істе бүгін тәуелсіз сарапшылар сотта жауап берді. Оқиға орнында табылған пышақта ешқандай қан ізі анықталмаған. Сондай зерттеу жүргізетін мамандар дәлел ретінде келтірген пышақтың қылмысқа қатысы болмауы да мүмкін деді.
"Қылмыс жасаған қару әлі табылмады. Сонда қалайша оған негізсіз айып тағады? Іс біржақты қаралып жатыр деп есептейміз. Үш сарапта жасалды. Пышақты сүртіп, тазалағанның өзінде ДНҚ ізі қалады деген қорытындысын айтты. Алматыда жасалған сот-медициналық сараптамасы да ДНҚ ізі жоқ екенін көрсетті. Нақты дәлелсіз қалайша адамды соттауға болады? Жауапқа тартылған куәгерлердің ешқайсысы нақты менің қорғауымдағы жігіттің өлтіргенін көрдік деп айтпады. Сондықтан бұл іс бойынша жазықсыз адам сотталмауға тиіс", - деді адвокат Әлібек Секеров.
Бұл істе тағы бір айғақ пайда болды. Кінәлінің айып тағылған Арсен емес, басқа жігіт екенін айтқан куәгердің аудиожазбасы табылыпты. Судья оған қатысы бар адамды келесі отырыста тыңдаймыз деген тоқтамға келді.
"Шақырып тұрып осы жерде тыңдауымыз керек. Біреу айтты деген, естідім деді ме, өзі көрді ме, айтсын осы жерде. Ашық сот отырысы болғаннан кейін сондай шешім болады", - деді судья Ерлан Болатов.
Отырыстың аяғы шуға ұласты. Бүгін куәгер ретінде жауап берген, сол төбелеске күдіктіні шақырған жігітке неге шындықты айтып, мойындамайсыңдар деген Арсеннің жақындары шүйлікті.
Келесі отырыста жауап беретін куәгердің әңгімесінен кейін бұл істе жаңа жайттың беті ашылуы да мүмкін.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!