Алматыда Абай Әлемі ұлықталды

Абай күні қарсаңында Алматы қаласында ашық аспан астындағы сахнада мыңдаған көрермен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" қолдауымен түсірілген "Алғашқы кітап" деректі фильмін тамашалады.

"Абай - біздің ұлттық брендімізге айналды. Алматы қаласы әкімдігі жылда бұл шараны кең ауқымда атап өтетіні қуантады,"- деді жоба режиссеры Фархад Молдағали.

Докудрама жанрындағы бұл фильм қазақтың неше ғасырлық рухани тарихындағы таңқаларлық ұлы оқиға - 1909 жылы Петербор қаласында "Ильяс Бораганский"баспасынан жарық көрген Абайдың тұңғыш кітабының қилы тағдырын баян етеді.

Фильм жалғыз өзі тұтас бір әлем жасап, шығармашылықпен айналысқан небәрі жиырма жылдың ішінде қазақтың тілін де, көркемдік, этикалық танымын да күрт өзгертіп, бұрын-соңды түрік жұрты жетпеген биікке көтерген Абайдың алғашқы кітабы қалай басылып шықты, Абай көзі тірісінде өзінің шығармаларын жинақтап, кітап қылып шығаруға әрекет етпеді ме, жалпы, кітапты кім дайындады, қалай баспа бетін көрді, неге Семейде емес, қияндағы Петерборда басылды, неге кітапты шығару ісінде көптеген кедергілер пайда болды деген сауалдарға жауап іздеген.

Премьера соңы Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы ұйымдастырған Абай мұрасын насихаттаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Талғат Күзембаев, Лидия Кәденова, Ерлан Біләл, Дархан Сүлейменов, Асан Мәжит, Динара Кемелхан, Ерден Жақсыбек, "Алашұлы" тобы мен Хор капелласының қатысуымен музыкалық-поэтикалық қойылым болды.

Кеш ары қарай Абай күніне арналған, ұлы ақын-ағартушының әндері шырқалып, сөздері оқылған "Almaty summer fest" фестиваліне жалғасты.

Мақпал Жүнісова, Жанар Дұғалова, Асхат Тарғын, Нұрлан Бердібаев, Серік Исахан, Ayarai, Birzhan Demeuuly, Nurtore, Magsoul, "Kesh you", "6ellucci", "IL Canto", т.б. өнер көрсетті.

Мерекелік кеш соңында мыңдаған адам Абай әндерін бірге шырқады.

Алматы әкімдігі ұсынған материал