- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда X Салық...
Алматыда X Салық конференциясы басталды
Кеше Алматыда басталған X салық конференциясы Республиканың салық жүйесінің мәселелерін талқылау үшін мемлекеттік салық органдарының және бизнес өкілдерінің басын біріктірді, – деп хабарлады Massaget.kz тілшісі Қазақстан Баспасөз клубы таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.
Шарада салықтық және кедендік әкімшілік мәселелері, сондай-ақ, көлеңкелі экономика мен жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері талқыланды.
Іс-шараға экономика және қаржы салаларының ең көрнекті өкілдері қатысты: Қазақстанның салық төлеушілері қауымдастығының Басқарушы кеңесінің төрайымы Жәннат Ертілесова, Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин, ҚР ҚМ МКК төрағасының орынбасары Госман Амрин және басқалар.
Конференцияға қатысушылар елдегі жемқорлыққа талдау жасап, жемқорлыққа, оның ішінде мемлекеттік кіріс органдары жүйесіндегі жемқорлыққа жол бермеуге және оны алдын алуға арналған шараларды ортаға салды, жемқорлыққа қарсы күресуде бизнестің атқаратын рөлі және де мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне төнетін қауіптерді тойтаруда салықтық және кедендік саясаттың ойнайтын рөлі туралы, сатылымға салынатын салық туралы сөз қозғады.
Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин осы бағытта жүргізіліп отырған жұмыстарды баяндады. Ол республикада бақылау-кассалық машиналарының жүйесі іске қосылғанын және бүгінге дейін ұрылған чектердің жалпы саны 319,7 млрд теңге жеткенін айтты.
М. Бисембаева