Алматыда TURAQTY JOL эконауқанын қорытындылады: тұрақты болашақ жолында

2024 жылғы 11 желтоқсанда Алматыда бас серіктес - ЦентрКредит банкі мен ресми серіктес "Шеврон" компаниясының қолдауымен қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының Федерациясының 15 жылдығы жылында ұйымдастырылған TURAQTY JOL Ұлттық әлеуметтік эконауқанының V мерейтойлық циклін қорытындылады.

TURAQTY JOL бес жыл бұрын экологиялық хабардарлықты арттыру, сондай-ақ жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін қалыптастыру мақсатымен іске қосылған болатын. Өз жұмысының жылдарында жоба өз бастамаларына қатысушылардың санын көбейтіп, өзекті экологиялық проблемаларды шешудің маңызды құралына айналды.

Эконауқанды жүзеге асыру барысында барлығы 20 000-нан астам адам және 3 500 тікелей қатысушы қамтылып, шығармашылық байқау мен инновациялық идеялар фестиваліне 400-ден астам өтінім жіберілді. Сонымен қатар 100-ден астам көшет отырғызылып, қайта өңдеуге берілген 4 тонна қалдықтар жиналды.

Бастама 2024 жылғы 7 сәуірде Алматыда өткен экологиялық акциядан басталды. Іс-шара аясында әуежай маңындағы Aspan паркінде еріктілер мен экологиялық белсенділердің қатысуымен 100 ағаш отырғызылды.

11 мамырда өткен TURAQTY JOL Республикалық экологиялық идеялар мен жобалар фестивалі ең көп өтінім жинады. Сарапшылармен оқудан өткен 10 финалист-команда 15 миллион теңге көлемінде жүлде қоры үшін сайысты. Қазір жеңімпаздар менторлардың басшылығымен жасыл сутек, өсімдіктерді өсіруге арналған аэропоникалық қондырғылар және басқа да инновациялық шешімдер бойынша жобаларды іске асыруда.

29 маусымда Қазақстанның 14 облысы мен республикалық маңызы бар қалаларда TURAQTY JOL жаһандық сенбілігі өтті. Жылдың басқа да маңызды оқиғаларының бірі - "Мұз массивтерін қорғау" шығармашылық байқауы, оның аясында жастар мұздықтардың еру проблемасын жария етті.

Бұдан басқа, 25 қыркүйекте Алматыда "ESG күн тәртібінің перспективалары және гринвошинг мәселелері" тақырыбында пікірталас алаңы өтті, онда бизнес экологиялық орнықты тәжірибелерді өз стратегиясына қалай біріктіре алатынын талқылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2025 жылы TURAQTY JOL жаңа бастамаларды енгізе отырып, өз көкжиегін кеңейтуді жалғастырады. Экология және орнықты даму саласындағы инновациялық шешімдерді әзірлеу үшін жастарды біріктіретін Республикалық ғылым мен шығармашылық синергиясының фестивалі негізгі жаңалықтардың бірі болады.

Сонымен қатар экологиялық науқан аясында EcoMedia Camp - білім беру бағдарламасы іске қосылады. Ол экологиялық проблемаларды дұрыс және өзекті жариялауға дайын медиа саласындағы жаңа ұрпақты дайындауға мүмкіндік беретін болады.

TURAQTY JOL жобасы экологиялық білім беру және тұрақты даму саласындағы өз миссиясын жалғастыра отырып, жастарды экологиялық проблемаларды шешуге тарту және қоршаған ортаға жауапкершілікті қалыптастыру үшін маңызды тұғырнама ретінде өз жұмысын жалғастырады.

Жобаның іске асырылуы Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО iстерi жөнiндегi Ұлттық Комиссиясы, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесі қолдауымен өтті.

Жобаның ақпараттық серіктестері ретінде Alash Media Group және NurMedia холдингтері кірді.