Алматыда LRT желісі қашан іске қосылатыны белгілі болды

Алматыда LRT желісі қашан іске қосылатыны белгілі болды
Фото: Tengrinews.kz

Алматыда жеңіл рельсті көлік желісі 2027 жылдың аяғында іске қосылады. Бұл туралы қалалық Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Жоба мегаполистің батысы мен шығысын байланыстырады. LRT депосы Алатау ауданындағы индустриялық аймақта салынады. Жалпы ұзындығы 18 шақырымнан асатын бұл желіде 34 аялдама болады. Ал оның орташа жылдамдығы сағатына 35 шақырымнан аспайды.

Бағыт Момышұлы көшесі бойымен Төле би көшесіне, одан әрі Абылай хан даңғылы арқылы екінші теміржол вокзалына дейін барады.

Қазір қалада ескі трамвай рельстері алынып, жаңа жолдың орны дайындалып жатыр.

"LRT желісінің құрылысы барысында заманауи тәсілдерді қолданамыз. Олай дейтініміз - вагондар батарея арқылы жүреді. Ал батареялар бекеттерде қуатталады. Осылайша, аспалы электр желілерін орнату қажет болмайды. Біздің желінің Астанадағы LRT желісінен айырмашылығы сол - биік эстакадалар болмауы. Сондай-ақ, бір жылжымалы құрамның сыйымдылығы 285 адамға жетеді", - деді Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Асан Бостанов.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы LRT-ға қатысты жаңа мәлімет пайда болды. Әзірге Алматыға LRT вагондарын жеткізуші таңдалмаған. Қазір мамандар техникалық сипаттамаларды пысықтап жатыр. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget