Алматы полициясы қаладағы жекеменшік мектепте жеті жасар бала зорланды деген іс бойынша жүргізілген сот-медициналық комиссия мен геномдық ДНҚ сараптамасының қорытындысы туралы айтты. Бұған дейін әлеуметтік желіде анасы бірінші сынып оқушысы зорлануы мүмкін екенін айтқан болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Сот-медициналық комиссия сараптамасы тағайындалды. Сараптама қорытындысы бойынша баланың денесінде сыртқы және ішкі жарақаттар табылмады. Қазір қосымша сараптама тағайындалды. Сондай-ақ, геномдық ДНҚ сараптамасы жүргізілді, ол өзге биоматериалдың барын анықтаған жоқ", - деп хабарлады полиция редакция сауалына жауап ретінде.
Сонымен қатар, тергеу бақылау камераларынан алынған бейнематериалдар жан-жақты талдаудан өткізген.
Сондай-ақ, Алматы Полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігі ("Зорлау") бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр.
"Алайда, қылмыстық іс жүргізу заңнамасының, атап айтқанда, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы талаптарына сәйкес соталды тергеп-тексеру туралы мәлімет жария етілмейді", - деп толықтырды Алматы полициясы.
Еске салайық, бұған дейін құқық қорғау органдары Алматыдағы мектептердің бірінде 7 жастағы бала зорланды деген мәліметті тексеріп жатқаны хабарланған болатын. Полиция қызметкерлері анасының оқушыға зорлық көрсетілді деген сөзінен кейін қылмыстық іс қозғады.
Бірінші сынып оқушысының жәбір көргені туралы ақпаратты анасы хабарлады. Әйел 7 жастағы балаға не болғанын егжей-тегжей сипаттап, видеоға түсіріп алған.
Алматы полиция департаменті қызметкерлерінің айтуынша, бұл дерек бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды.
"Істің объектив мән-жайларын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы бақылауда", - деді Алматы қалалық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.
Кейін Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті өкілдері бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірген еді.
Алматыда 7 жастағы оқушының зорлануы: баланың анасы күтпеген мәлімдеме жасады
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!