- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда 500 теңгеге...
Алматыда 500 теңгеге түскі ас ішу мүмкін бе? Сағынтаев жауабы
Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбек Алматыда 500 теңгеге түскі ас ішуге болатынын айтып, сынның астында қалған еді. 29 қараша күні Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматының қазіргі әкімі Бақытжан Сағынтаев бұл пікірге өз көзқарасын білдірді және қаладағы түйіткілді мәселелерді шешу жолдарын айтты.
Баспасөз жиынына қатысқан журналистердің бірі қала басшысынан «500 теңгелік түскі ас ішу әлі де мүмкін бе?» деп сұрақ қойды. Сағынтаев сауалға "Где-то можно пообедать, а где-то нет. Кому как повезет, дейді ғой", - деп жауап берді.
Қазақстандағы ең үлкен және халқы ең көп қаланы басқарып отырған әкім Алматы қаласындағы метро құрылысы қалай жүріп жатқанын және келер жылға қандай жоспар барын айтып өтті.
"Биыл метро құрылысы бойынша бұрынғыдан көбірек қаражат алдық. Үкімет бізді қолдады. Құрылысты жүргізу үшін 20 миллиард теңгедей бөлінді. Соңына дейін барамыз. Алда 4 станса бар, 2 станса қаражатпен қамтылды. Алдағы екі түпкі станса келешекте салынады", - деді әкім ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Алматыдағы негізгі мәселелердің бірі – ауыз су. Әкім 2023 жылы Алматы тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілетінін толық сеніммен айтты.
Оның айтуынша, көше жарығы да қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тікелей және жанама ықпал ететін факторлардың бірі.
"Біз қала бюджетін бұрын еш жарығы болмаған көшелерді жарықтандыруға бағыттадық. Қазіргі кезде осындай 208 көшенің сыртқы жарығының құрылысы аяқталды", - деді Бакытжан Сағынтаев.
Әкімнің айтуынша, келер жылы 1 176 көшенің жарығы реттеледі. Осылайша, сыртқы жарық деңгейі 100 пайызға жетеді. Бақытжан Сағынтаев Алматының абаттандырылған аулаларының үлесі – 55 пайыз екенін айтады. Жыл басынан бері 672 аула абаттандырылып, 2020 жылдан бастап "Менің аулам" ауқымды бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынады.
А. Қажиев