Алматыда 50-ге таяған шетел азаматының өліміне қатысты тергеу басталды

Алматыда 50-ге таяған шетел азаматының өліміне қатысты тергеу басталды. Күдікті ретінде бірге тұрған көңілдесі қамауға алынды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Мәйіт табылған пәтерге алғаш болып полицейлермен бірге куә ретінде Нұрлан Жапарқұлов та кіріпті. Балталанған 50 жастағы марқұмның денесі әлі көз алдында.

"Балтамен шауып тастаған. Ваннаға бөлшектеп-бөлшектеп кіргізіп, жатқызып қойған. Бөлшектеп тастағаннан кейін үстінен от жаққан. Қарайып кеткен ғой, тырнақтары. Бір-екі саусағы күйіп кеткен, қап-қара болып. Әр жерінен жаққан. Қолының үстіне қағаз жаққан ба, әйтеуір өртеген", – дейді аула сыпырушы Нұрлан Жапарқұлов.

Марқұмның қызының айтуынша, әкесі дерттен қайтыс болған, бірақ немен ауырғанын айта алмаған.

"Әкемді ешкім өлтірмеді. Ауырып ажал құшты. Ол скандинавтық дінге сенетін. Тірі кезінде, бізге "Өлгеннен кейін денесін бөлшектеп, өртеп жіберіңдер" деп ылғи айтатын. Скандинавтық жерлеу рәсімі бойынша мәйітті қайыққа салып, суға жібереді. Артынан жанып тұрған жебені садақпен атып, мәйітті өртейді", – дейді марқұмның қызы.

Марқұм Ресейде туып-өскен. Кейін Қазақстанға келіп, отбасын құрып, балалы-шағалы болыпты. Екі қызы бар. Тағы бір қызды асырап алған көрінеді.

"Әкем жерлеу рәсімін жүргізуді өгей қызына тапсырған. Өйткені ол эмоционалды, физикалық тұрғыдан арамыздағы ең мықтысы болатын. Әкемізді аман алып қала алмағасын, денесін сыртқа шығара алмайтынын түсініп, пәтердің ішіндегі ваннада өртейтін болып шештік", – деді марқұмның қызы.

Алайда сол маңдағы тұрғындар қылмыстың қызғаныштан болғанына сенімді. Өйткені асыранды деген 20-ның төңірегіндегі қыз марқұмның көңілдесі болуы мүмкін екен.

"Екі әйел сол бір еркекке таласып қалған болуы керек. Содан кейін барып бауыздаған ғой екеуі. Біреуі – өзінің әйелі ғой. Екіншісі – көңілдесі ғой деймін", – деді Жанболат Омар.

Ал полиция бір адамның ғана қамалғанын хабарлады.

"Әуезов ауданы полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Басқа мән-жайы анықталып жатыр", – деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!