Алматыда 39 жастағы әйелді өлтірген күдікті ұсталды

Алматыда 39 жастағы әйелді өлтірген күдікті ұсталды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Алматыда 39 жастағы әйелді өлтірген күдікті ұсталды. Мәйітті скотчпен матап, сөмкеге салып көшеге тастап кеткен күдікті қазір тергеушілерге жауап беріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Түрксіб ауданы полиция басқармасы хабарлағандай, бұл іс бойынша күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қылмыстық іс аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды", - деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жантүршігерлік оқиға осыдан екі апта бұрын Түрксіб ауданында болды. Көпқабатты үйлердің арасында 39 жастағы әйелдің денесі салынған сөмке бірнеше күн бойы тұрған. Оны маңайды тазалайтын әйел алғашқылардың бірі болып көріп, полицияға хабар берген. Кейін марқұм әйелді танитын, соңғы уақытта ер адаммен араздасып жүргенін көрген көршілері де табылды.

Ұсталған күдікті солар айтқан ер адам ба, жоқ па, белгісіз. Өйткені тергеу құпиясына байланысты полиция егжей-тегжей ақпарат таратпай отыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан