- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда 26 жастағы...
Алматыда 26 жастағы қыз 25-қабаттан секіріп кетті. Куәгерлер оқиғаның мән-жайын айтты
Алматыда 26 жастағы қыз 25-қабаттың балконынан секіріп кетті. Оқыс оқиғаны куәгерлер видеоға түсіріп алған, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Куәгерлердің айтуынша, қыздың мұндай қадамға баруына онкологиялық дертке шалдығуы себеп болуы мүмкін. Қыздың суицид жасамас бұрын балконда 30 минут бойы айқайлағанын көргендер бар.
Жантүршігерлік видеоны жігіт түсірген. Айтуынша, 25-қабаттағы балконнан үздіксіз айқайлаған дауыс естілген соң жүгіріп шыққан.
"Жиырма бесінші қабаттан жарты сағаттай айқайлады. Артынан полиция кірді, сол кезде секірді ғой...", - дейді.
Оқиға орнында жедел криминалистика зертханасы түн ортасына дейін жұмыс істеген. 25 қабатты кешеннің біраз тұрғыны түнде болған жағдайдан бейхабар. Оқыс оқиға түнгі сағат он шамасында болған.
Тұрғын үй кешеніндегі күзетші марқұмның бұл жерде тұрмағанын айтады. 25-қабатта негізінен, тәулікке жалға берілетін пәтерлер екен. Ал марқұм пәтердің емес, дәліздің балконынан секірген. 26 жастағы қыздың сөмкесінен онкологиялық ауруға шалдыққанын айғақтайтын анықтаманы көрген куәгерлер де бар екен.
"Олай істеме деп бақырғанын естідім. Сөмкесінде онкология анализдері бар екен. Онкологиямен ауырған секілді", - дейді тағы бір куәгер.
Полиция аталмыш жайтқа қатысты тергеуді жалғастырып жатыр.
"Қайтыс болған азаматшаның жеке басы анықталды. Ол 26 жастағы қыз. Бостандық ауданы полиция басқармасында ҚК 105-бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталып кетті. Болған оқиғаның толық мән-жайы мен себеп-салдары анықталады", - деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қыз секірер алдында біреуге аудиохабарлама жібергенін естігендер де бар. Мән-жайын полиция анықтайды.
Г. Досымшалова