Алматы қаласының экологиясын жақсарту мақсатында 2022 жылға дейін 1 миллион көшет егіледі. Мұны Алматы қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская хабарлады.
Басқарма басшысының айтуынша, қазір Алматы қаласында көшет егу жұмыстары біршама жүйеге келтіріліп, қарқын алуға ден қойды. Мәселен, биыл қалада 250 мың көшет егілген.
"Бұл – рекордттық көрсеткіш. Осы деңгейден түспейді, тал мен көшет көлемін көбейтпекпіз. Үш жылда Алматы қаласында 1 миллион көшет егіледі", - дейді Наталья Ливинская Экологиялық бақылау және реттеу комитетінің өткізген кездесуде.
Биыл Алатау, Наурызбай, Түркісіб аудандарында жаппай тал егілді. Мәселен, Алатау ауданындағы ағаштардың саны 196 мың болса, биыл ғана 199 мың көшет егілген. Көшеттердің биіктігі мен диаметрі – 3 метр. Талдың көбі аула ішіне, үй маңына егілген.
Басқарма деректеріне сүйенсек, қалада барлығы 2 миллион 350 мың тал бар. Бір ағаш бір автокөліктен шығатын көмірқышқыл газын оттегіге айналдыруға қауқарлы немесе 80 келі зиян қалдық пен 20 келі шаңды жұтады. Басқаша айтқанда, бір ағаш бір адамның өмір бойы тыныс алатын оттегісін қамтамасыз етуге шамасы жетеді. Әрі ағаш - экологияны жақсарту мен зиянды газды жоюдың ең табиғи жолы саналады.
Жоспар бойынша, 2022 жылға дейін қалада дені сау ағаштардың саны 3 миллионға дейін жетпек. Ал тал егілген ауданның көлемі 1427 гектардан 1928 гектарға дейін көбейеді. Алматы облысында көшет өсірумен айналысатын 20 тәлімбақ бар.
Қазір жасыл экономика басқармасы Алматы қаласының жасыл белдеу реестрін құрастырып жатыр. Жыл соңына дейін қаланың жалпы көгалдану деңгейі мен сипатын көрсететін электрондық портал іске қосылмақ. Онда қай ауданда қанша ағаш пен бұта бары, олардың сипаттамасы мен фотосуреті орналастырылады. Тал еккісі келген тұрғындар сол картаға қарап ыңғайлы мекен таңдаса болады.