Алматыда 20 жастағы спортшы өлі табылды. Кейбір БАҚ мәліметінше, қаза тапқан жігіт - кикбоксер Әли Серік, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматының полиция департаменті бұл ақпаратты Massaget.kz тілшісіне растады.
Наурызбай аудандық полиция басқармасы 20 жастағы жігітті өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алдын ала мәлімет бойынша, таныстар арасында жанжал туындап, нәтижесінде олардың бірі пышақ қолданған.
Қылмыстық қару тәркіленді. Оқиғаның басқа да мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетейік, Әли Серік – танымал сингапурлық ONE Championship ұйымында өнер көрсеткен кәсіби кикбоксшы. Ол Titan Fight Club (Алматы) командасында болған. 2022 жылы, 17 жасында, Малайзияда өткен чемпионатта ересектер арасында муай-тайдан (А класы) әлемнің ең жас чемпионы атанды.
2023 жылы ол Бангкокта өткен ONE Friday Fights 16 турнирінде К-1 (кикбоксинг) ережелері бойынша кәсіби деңгейде дебют жасады.
Әлидің әлеуметтік желідегі парақшаларынан UFC жауынгері Хамзат Чимаевпен бірге Tiger Muay Thai залында (Таиланд) түскен суреті бар. Сондай-ақ, 2024 жылы қазақстандық спортшы Ресейде Абдулманап Нурмагомедов атындағы жекпе-жек мектебінде дайындықтан өтті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!