Алматыда 23 жастағы қыз 19-қабаттан секіріп кетті. Бойжеткеннің өлімін полиция тергеп жатыр. Көпқабатты тұрғын үй кешеніне қыздың қалай келгені, балконға қалай көтерілгені бақылау камерасына түсіп қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, төменге құлаған ару қара аяқкиімін, көк оттығы мен телефонын қалдырған. Ол сағат 13:50 шамасында тұрғын үй кешенінің 19-қабатынан секірген. Оқиға орнына полиция он минутта жеткен. Мәйіт жатқан жерге құм сеуіп тастаған. Ал бақылау камерасына жауапты мамандардың айтуынша, марқұм Брусиловский көшесі жағынан келіп, есіктегі құпия сөзді жазып, ары қарай жеделсатымен жоғары көтерілген.
"Жеделсатыдағы камераны да қарап шықтық. Жалғыз өзі көтерілген. Дәлізге қалай кіргенінен бастап бәрі анық көрінеді. Бұл үйдің тұрғыны ма, әлде сырттан келген бе, ол жағын білмедік", - дейді бақылау камерасына жауапты маман Тахир Шынболатов.
Тергеуге байланысты бақылау камерасының видеосын көрсетпеді. Дегенмен осы кешеннің тұрғындары ол әңгімені айна-қатесіз қайталап тұр. Жаға ұстататын жағдайдан соң көбі балаларын сыртқа шығармаған.
"Чаттан біреу секіріп кеткенін естідім. Баламмен далаға шығайын деп жатқанмын. Терезеден қарасам, мына жерде жатыр екен. Сырт жағын бәрін қоршап қойған. Баламен далаға шығуға қорықтым. Содан кейін бәрін алып кеткенін күттім", - дейді Қали Одақбай есімді тұрғын.
Полиция суицидке барған В.есімді арудың жасы 23 те болғанын айтады. Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабымен іс қозғалған.
"Алматы полиция департаменті аталған деректі Бостандық аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК 105-бабы бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіміне тіркеді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаның басқа да мән-жайы анықталып жатыр", - дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!