- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда 17 көлікті...
Алматыда 17 көлікті соққан трамвайға қатысты жаңа деректер пайда болды
"Алматыэлектротранс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Алматыда трамвайдың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі кәсіпорынның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 қыркүйекте №4 трамвай өз бағыты бойынша Шевченко көшесімен батыс бағытта жүріп бара жатқан. Ол Наурызбай батыр көшесіне жақындаған кезде салондағы жолаушылар күйіктің иісі шықаннын айтқан. Жүргізуші қоғамдық көлікті тоқтатып, жолаушылардың барлығын түсіріпті.
"Трамвай Наурызбай батыр көшесінен өте бергенде тоқтап, оңтүстік бағыттағы қозғалыс қиындаған, ол жерде көлік кептелісі болыпты. Оқиғадан кейін мотор қорабынан түтін шығып, ол өрт сөндіру құралының көмегімен сөндірілген. Шевченко мен Наурызбай батыр көшелерінде көлік кептелісі болып қалғандықтан, оқиға орнына жол полициясының қызметкерлері келіп, трамвайды жолдан жылдам алуды сұраған", - дейді баспасөз қызметіндегілер.
Олардың айтуына қарағанда, жүргізуші қоғамдық көлікті жолдан жылдам алып тастау мақсатында дөңгелектегі блокты ықтиярсыз түрде алып тастап, трамвайды көлік аз жерге жеткізбекші болыпты.
"Қазіргі таңда жол апатының себептерін Алматы ІІД жол полициясы басқармасының қызметкерлері мен "Алматыэлектротранс" ЖШС арнайы комиссиясы анықтап жатыр. Сот шешім шығарғаннан кейін сақтандыру компаниясы жол апатынан зардап шеккендерге шығынды өтеп береді", - дейді кәсіпорын өкілдері.
Еске сала кетейік, жол-көлік оқиғасы Алматыда 2015 жылдың 21 қыркүйегінде болған еді. Жүргізушісіз қалған трамвай өздігінен жүріп кетіп, 17 автокөлікті соқты. Куәгерлердің айтуынша, трамвайдың тізгінде ешкім болмаған.