Алматыда 12 жастағы жасөспірім қаза тапты: марқұмның жақындары үндеу жасады

Алматыда 12 жастағы бала пышақ жарақатынан қаза тапты. Қылмыс жасады деген күдікті 13 жаста. Марқұмның туыстары кәмелетке толмауына байланысты ол жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін деп қауіптеніп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

11 маусымда әлеуметтік желіде 12 жастағы бала қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Баланың әпкесі қайғылы жағдайды жария етуге көмектесуді сұрап, жұртшылыққа үндеу жасады. Олардың басты қорқынышы - кінәлі жазадан құтылып кете ме деген ой.

"Кеше кешке 12 жастағы туысымды өлтіріп кетті. 13 жастағы екі жасөспірім оған 9 рет пышақ жарақатын салған. Олар жазалануы үшін оқиға қоғамда резонанс тудыруына көмектесіңіздер. Себебі біздің елде қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Баланы қайтара алмаймыз, ал олар тек шартты мерзім ала ма?" - деп жазды ол.

Отбасының айтуынша, әлі күнге дейін тергеу барысы туралы толық ақпарат алмаған. Туыстарының сөзінше, полиция ештеңе айтпай отыр, ал тәркіленген видеоларды көрсетпеген.

Еске салайық, бұған дейін Алматы Полиция департаменті қылмыс жасады деген күдікпен 13 жастағы тұрғын ұсталғанын хабарлады. Ол бұрын жәбірленушімен таныс болған.

Алдын ала мәлімет бойынша кәмелетке толмағандар арасында туындаған жанжал кезінде марқұм жарақат алған. Қазір күдікті арнаулы мекемеге орналастырылған.

Кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіледі.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!