- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматыда 1 тамыздан...
Алматыда 1 тамыздан бастап жол ақысы қымбаттайды
Алматыда жолақысының дифференциалды тарифін енгізу туралы баспасөз мәслихаты өтті. Осыдан бірнеше апта бұрын әкімдік Алматыда жолақысы қымбаттайтыны туралы қаулы шығарған болатын. Қаулы қазір қоғамдық талқылауда жатыр. Қоғам тарапынан мақұлданған жағдайда қаулы әділет органдарында тіркеліп, бекітіледі.
«Дифференциалды тариф енгізуге 1 жылдан астам уақыт жұмсадық. Парламентте құжат мақұлданды, Президент қол қойды. Мұндай тарифтің өз артықшылықтары бар. Автобуспен сирек жүретін адамдар 10, 20 рет жүруге жарайтын карточка ала алады. Тұрақты жолаушыларға дисконт енгізбекпіз. Болашақта облыстан адам тасымалдайтын автобустар да осы тарифке көшеді. Бір сағаттың ішінде басқа көлікке отырса, жолақысы тегін болатын болады. Электронды билетке көшу тасымалдаушы кәсіпорындардың табысын нақтылауға көмектеседі. Бұл өз кезегінде демеуқаржыны дұрыс есептеуге септігін тигізеді», - деді басқарма басшысы Мақсұт Исахов.
Жаңа жүйеге сәйкес енді жолаушылар бір мәрте жол жүрісі үшін қолма-қол ақша төлесе, 150 теңге беретін болады, ал егер «Оңай» картасымен болса 80 теңге көлемінде қалады. Айлық жол жүру билеті мен жеңілдіктер де сақталады.
Тек метрода ғана жол ақысы 80 теңге болып қалады.
Мамандардың айтуынша, кей кездері «Оңай» аппараттары да істен шығып жатады.
«Статистика бойынша істен шыққан терминалдар туралы ақпараттың 15-25 пайызы расталмай шығады. Жүргізушілер өздері өшіріп тастайды немесе қасақана істен шығарады. Егер аппарат жұмыс жасамаса, жолаушы тегін жүруге құқылы. СМС төлемге келсек, ұялы операторлар да тұрақты жұмыс жасамайды, бірақ оның бәрін қалпына келтіріп жатырмыз», - деді «Алматы көлік холдингі» ЖШС директоры Садир Хамраев.
Оның айтуынша, карталарды Караван, Дауыс, Азбука связи желісі дүңгіршектерінде, метро кассаларында сатып алуға болады.
Қазір қаулы барлық арнайы процедуралардан өтті. Мәслихат шешімімен, Қоғамдық кеңестің ұсынысымен бекітілді.
Ж. Жұмағұлов