Алматы тұрғынына түн ішінде үш адам шабуыл жасаған. Қаланың Полиция департаменті өкілдері оқиғаның мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
102 арнасына тонау дерегі туралы хабарлама түскен. Полиция қызметкерлері бірден оқиға орнына барған.
Абай даңғылы мен Қонаев көшесінің қиылысында ер адамға белгісіз адамдар шабуыл жасаған. Жәбірленушінің сөзінше, күдіктілер күш қолданатынын айтып қорқытып, ұялы телефонын, құлаққабын және ақшасын алып кеткен.
Полиция қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктілер анықталып, көп ұзамай олардың үшеуі, яғни екі ер адам мен бір әйел ұсталған.
"Ұсталғандардан қылмысқа қатысы болуы мүмкін заттар тәркіленді. Алайда тексеріс кезінде тағы бір мән-жай анықталды. Күдіктілердің бірін жеке тінту барысында өсімдік тектес зат табылды. Тәркіленген зат сараптамаға жолданды. Сарапшылар оның құрамын, шығу тегін және нақты не екенін анықтайды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды (соталды тергеу басталды - еск.). Күдіктілер полицияға жеткізілді", - деді Алматы ПД өкілі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова