Алматыда телефон алаяқтары бір отбасын пәтерсіз қалдырды, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, 62 жастағы әйел банктың атын жамылған бейтаныс адамға 3 бірдей банктен несие алып, жалғыз баспанасын сатқан ақшаны да қоса аударған. Олар бұрыннан белгілі схемамен зейнеткерді алдаған. Есепшоттағы ақшаңызды әлдекімдер шешіп алуға талпынып жатыр. Солардың жолын кесу үшін біздің айтқанымызды істейсіз деген. Оларға сенген Вера Канарова енді 3 банкке 2 жарым миллион теңге қарыз және басындағы баспанасынан да айырылып қалған.
Вера Канарованың айтуынша, өзін банк қызметкерімін деп таныстырған ер адам шотынан алаяқтар ақша ұрлағалы жатқанын, алдын алу үшін қаржыны шешіп, өздері көрсеткен банкке салу қажет екенін, ол сақтандыру шоттарына барып түсетінін айтқан.
"Өзін полиция қызметкерімін деп таныстырды. Алаяқтардың кезекті құрбаны мен болып тұрғандықтан, көмектесуімді сұрады. Банк қызметкері қаржыңызды қадағалайды. Ал біз алаяқтарды ұстаймыз деді. Кейін менеджермін деп қоңырау шалған азамат полицей жігіт келтірген деректер мен табельдік сандарды айтты. Тіпті жеке мәліметі мен суретін де құжат күйінде жіберді. Екеуінің сөзі бір-бірімен сәйкес келгендіктен сеніп қалдым", - дейді Алматы тұрғыны.
Олар дәл осындай жолмен тағы үш банктен де несие алуға көндірген. Яғни, банктің қарыз ақша беретін шектеуін өзі қолданбаса, алаяқтар алдын орап кететінін айтқан. Несие алу үшін қай мекемеге баратынына дейін таңдап берген. Қария бүкіл ақшаны аударғанша туған балаларына ешнәрсе айтпаған.
"Анама барлық бағдарды солар көрсетіп отырған. Ең басында пәтеріңізді алаяқтар бұғаттап, 15 миллионға кепілге бермекші. Тез арада сатып, ақшасын сақтандыру шотына қойып қойыңыз. Алаяқтарды ұстаған кезімізде біз сізге сол ақшаны қайтарып береміз депті. Бұған қоса, анама сіз бізге куәгер ретінде көмектесіп жатқандықтан ешкімге тіс жармаңыз. Әйтпесе, бұл туралы білген адамдар жауапқа тартылады деп қорқытқан. Сол себепті біздің ештеңеден хабарымыз болмады", - дейді баласы.
Айтуынша, несиені алдырып, үйді сатуға итермелеген әу бастағы сол екі-үш адам. Тіпті олар қомақты қаржыны бөліп-бөліп аудартқан. Қазір алданған отбасы полицияға арыз жазып жатыр.