Алматыда жедел жәрдемге байланысты дау туындады. Қала тұрғыны фельдшер тиіскенін мәлімдеді. Қыз болған жайтты әлеуметтік желіде жазды. Ал медицина қызметкері ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау үшін құқық қорғау органдарына жүгінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде жазба жариялады, осылайша ол жедел жәрдем фельдшерін өзіне тиісті деп айыптады. Жазба авторының айтуынша, оқиға 14 мамырға қараған түні болған. Қыз денсаулығы нашарлауына байланысты жедел жәрдем шақырған.
"Денемді тексеремін деген сылтаумен фельдшер интим жерлерімді уқалай бастады. Полиция шақыру үшін телефонымды алғанда, тартып алып, мені пәтерде күшпен ұстап қалмақ болды", - деп жазды ол.
Қыздың сөзінше, оның айғайына көршілері келген. Кейін қала тұрғыны полицияға арыз жазғанын мәлімдеді.
Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі әлеуметтік желідегі жазбадан кейін Жетісу аудандық полиция басқармасы тексеріс бастағанын хабарлады.
Бұл дерек бойынша Алматы жедел медициналық жәрдем станциясы ішкі қызметтік тергеу жүргізген.
"Тексеріс барысында медицина қызметкерінің орынсыз іс-әрекеті туралы интернетте жарияланған мәлімет расталмады", - деді баспасөз қызметі өкілі.
Фельдшердің түсініктемесіне сәйкес шақыртуға келгеннен кейін науқасқа бекітілген хаттама бойынша алғашқы медициналық көмек көрсетілген. ЖМЖС баспасөз қызметі мәліметінше, медицина қызметкері оған ауруханаға жатуды да ұсынған, бірақ ол бас тартқан. Сондай-ақ, науқастың мінез-құлқына байланысты медицина қызметкері оқиға орнына полиция шақырып, арыз жазған.
Фельдшер ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау үшін құқық қорғау органдарына жүгінген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!