Алматыда полиция есірткі сатып жүрген Алмалы ауданының 33 жастағы тұрғынын ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның үйін тінту кезінде Альфа атты іздеуші ит ашық-қоңыр және қою жасыл түсті заттар салынған полиэтилен байламдарын тапқан. Ведомство мәліметінше, алматылық кәмелетке толмаған екі баласының көзінше есірткі сатқан.
Сот-химиялық сараптамасының қорытындысына сәйкес тәркіленген заттар героин және гашиш есірткілері болып шықты. Есірткі сақтау дерегі тіркелді.
"Әйел қамауға алынды. Қазір есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері күдіктінің шынайы ниетін және қаламызға шөпті жеткізген арнаны анықтап жатыр. Жедел іс-шаралар жалғасып жатыр", - деді Алматы қалалық ПД бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатов.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте есірткі сатқан 5 адам ұсталғаны хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!