- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Алматы тұрғыны азаматтық...
Алматы тұрғыны азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген күдікке ілінді
Алматы тұрғыны азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген күдікке ілінді. Марқұмның анасының айтуынша, күдікті бостандықта жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
33 жастағы Ульяна Литовкина 8 жыл бойы кездесіп жүрген жігітімен кейінгі 3 жылдан бері азаматтық некеде болған. Талдықорғаннан Алматыға көшіп келгелі күйеуі әйеліне күн көрсетпепті. Көкала қойдай қылып сабап, басын жарған. Үйден шығармай, зорлаған. Ал "бұл жайында біреуге тіс жарсаң, отбасыңмен қоса көзіңді құртамын" деп қоқаң-лоқы көрсеткен.
"Қызым бізге өте сирек келетін. Бастан кешкен сұмдықтың бәрін маған айтып бергенде, жағамды ұстадым. Қызым қатты қиналды, денесінің сау-тамтығы қалмады. Күйеуі оған, тіпті, жедел жәрдем шақыруға рұқсат бермейтін. "Осында қал, саған өзіміз бас-көз боламыз" дегеніме қарамастан, ол үйіне оралатын. Себебі, әлгі жүзіқара қызымды "өлтіріп, түбіңе жетемін" деп қорқытып тастаған. Жылап, кешірім сұрайды да, теріс қылықтарын кейін де жалғастыратын, - дейді марқұмның анасы Ирина Литовкина.
"Енді шынымен кетемін, қорқыныштан басқа түк қалмады, оны жек көремін". Бұл- Ульянаның анасына айтқан соңғы сөзі. Бірақ, екі күн өткен соң қаза болған. Әйел бауыр және өт қабының жарақатынан қайтыс болған. Сот-медициналық сараптаманың нәтижесі жарақат доғал заттың соққысынан болғаны көрсеткен.
"Күйеуі үйге мас күйінде келіп, ұйықтап қалған. Тіпті, әйелінің қайтыс болғанын да бірден байқамаған. "Әйелім құлап қалды, содан жарақаттанған" дейді. Мен бұған сенбеймін. Қызымның денесінде, мойнында көгерген іздер болды, оның өліміне күйеуі кінәлі. Полиция қыздың денесін де, телефон сияқты жеке заттарын соған бере салды. Неге жақын туыстарға, бізге бірден хабарламады?", - дейді марқұмның анасы.
Алматы полиция департаменті бұл дерек бойынша қазіргі таңда Алатау аудандық полиция басқармасында іс тергеліп жатқанын хабарлады.
"Нәтижесінде қылмыстық іс бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады. Сондай-ақ болған қылмыстың, оқиғаның себеп-салдары, мән жайлары анықталады", - Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ульяна Литовкинаның артында бірінші некесінен 13 жасар ұлы қалған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан